Close

25.10.2018

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы.

  1. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдеріне деген көзқарасыңыз?

Тұжырымдамада дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары қатарында аталатын ведомствоаралық өзара іс қимыл, дін саласындағы мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың күш жігері мен ресурстарын тарту, халықтың барлық нысаналы топтарын атаулы және жаппай қамту, азаматтардың барлық санатының заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, діни білім беру мекемелеріндегі оқу бағдарламалары, оқу әдістемелері туралы ақпаратты жедел ұсыну, Қазақстан респубикасының ұлттық мүддесіне қатер төнген көріністерінің сипаты мен деңгейін тексеру, діни бірлестіктердің заңға қайшы әрекеттеріне жол бермеу сынды қарастырылған мәселелер өте мөте орынды дер едім.

Бүгінгі аса күрделі әлем жағдайында кез келген ел үшін діни кеңістіктің қауіпсіздігі аса маңызды. Қазақстан Республикасы да бұл мәселеге сергек қарап, осы бағытта бірқатар оң қадамдар жасау үстінде. Діни білімге қатысты мына жайттарды да ескеріп жетілдірген жөн: діни білім беру ұйымдары қызметінде демократиялық ұстанымды ұстану; Қазақстандағы діни білім жүйесі мен зайырлы білімді ықпалдастыру арқылы зайырлы білім жүйесі секілді діни білімнің қоғамда тұрақтылықты қалыптастыратын іргетасқа айналуын қамтамасыз ету; Діни білім берудің ұлттық тұтас жүйесін құру; Діни білім беруді басқарудың және қазақстандық діни білім беру моделінің одан әрі жұмыс істеуінің нормативтік, құқықтық базасын жетілдіру; Діни білім берудің мазмұны мен материалдық-техникалық базасын жаңарту; Қазақстан жастарының шетелдік діни оқу орындарында білім алу үдерісін қадағалау, осы үдерісті біртіндеп шектей отырып, ел аумағынан тыс жерлердегі діни оқу орындарына азаматтарды тек жоғары діни білім алу мен ғылыми дәрежесін көтеру мақсатында ғана жіберу; Деструктивті діни ағымдардың идеологиясы мен тәжірибесіне қарсы әсер ету иммунитетін қалыптастыру.

  1. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамадан күтілетін нәтижелер?

Қазақстан бірегей мәдени тарихи жағдайларға, қоғам дамуының өзіндік ерекшелігі мен діни аяның өзгешелігіне ие бола отырып, әлемдік қоғамдастық мойындаған мемлекеттік конфессиялық қатынастардың өзіне тән моделін іске асырып келеді. Жалпы алғанда, мемлекеттің дін саласындағы саясатын айқындап алуға қайткенде де белгілі бір жоспар, стратегия керек-ақ. Елімізде зайырлылық, халықтың ұлттық мәдени және тарихи дәстүрін нығайту, мораль қағидаттары мәселесінің жан-жақты қарастырылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені қазіргі күрделі діни жағдайлардың бір шешімі сапалы діни мамандарды көптеп даярлауда жатыр. Тұжырымдамада айтылған ойлар мен ұсынылған шешімдер еліміздегі діни білімнің бірізділеніп, жүйелене түсуіне, деңгейін көтеруге, халықтың дәстүр, мәдениетімен үйлесім тауып, білім жолындағы талапкерлердің рухани мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық мүддені көздеуге, сапаны айқындай түсуге, озық елдердің тәжірибесін кәдеге жаратуға, бәсекеге қабілеттілік пен жастардың діни білім салаларын еркін әрі жүйелі меңгеруіне мүмкіндік береді деген ойдамыз.

Дінтану PhD докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы  Бағашаров Құдайберді Сабыржанұлы

25.10.2018