Close

Сұрақ – жауап

Дін дегеніміз не?

«Дін» сөзі латынның «religio» деген сөзінен шыққан, «діншілдік», «құдайшылдық», «аса құрметті», «ғибадаттық» деген мағынаны білдіреді.

Дін – бұл әлемді танудың бар әдісінің көмегімен түсіндіруге немесе логикалық ұғынуға беріле қоймайтын әлдебір ғажайыпқа сенуді білдіретін дүниетаным немесе дүниені сезіну (және оның адамның мінез-құлқына себепші болуы).

Кез келген діни дүниетанымның негізін сенім құрайды.

Діндар адам Құдайдың бар екеніне логикалық дәлелдемелер немесе материалдық айғақтарды қажет етпейді. Оған құдайшылдықпен өзара әрекеттесудің өзіндік тәжірибесі, ішкі сенімділігі жеткілікті.

Діни түсініктердің пайда болуы көптеген мыңжылдықтар барысында тәни және рухани дамыған адамның өзінің жетілуімен байланысты болды.

Адамдарды қоршаған сыры білінбес, құдіретті табиғат бастапқыда адам табынған барлығын тегіс қамтушы және ұлы Құдірет болатын.

Діннің тарихи ең ежелгі түрлері – тотемизм, анимизм, магия, сыйқырлық, шаманизм.

Адамдардың діни түсініктері адамзат тарихының бір бөлігі бола отырып, адамзат қоғамымен бірге өзгеріп отырды.

Ықпалды абыздық ерекше тобы бар, күрделі иерархиялы құдайшылдығы мен биліктің монархиялық жүйесі қалыптасқан ірі мемлекеттердің пайда болуы монотеистік дінге, яғни бір құдайлыққа өтуге негіз болды.

Біртіндеп Бүкіләлемді жаратушы, барлығын қамтушы, бір Құдайға сенім пайда бола бастайды.

Адам өмірінің мақсаты адамға рухани даму жолында көп жетістікке жеткен өзінің ағайындарынан (пайғамбарлар және т.б.) берілген өсиеттер мен уағыздар арқылы өзін-өзі жетілдіру болды.

Монотеистік діндер (иудаизм, буддизм христиандық, ислам) дәуірінің келуімен адамзаттың діни тарихында жаңа кезең басталды.

Жоғарыда айтылғанды түйіндей келе, дін адамзат мәдениетінің игілігі бола отырып, тарих барысымен бірге әрдайым өзгеріске ұшырап отырғандығын айтып өткен жөн. Сонымен, бір жағынан, діни сенім ілімдері адамды рухани байытты, оның жаңа өркениеттік деңгейге көтерілуіне септігін тигізді.

Зайырлылық дегеніміз не?

«Зайырлылық» термині қоғам мен мемлекеттің мемлекеттік-саяси орнығуының айқындаушы сапалы сипаттамасы/белгісі болып табылады.

Даль сөздігі «зайырлылық» түсінігін «жерлік», «бұқаралық, тынымсыз», «азаматтық» деген ұғымдармен түсіндіреді.

Зайырлылық сипаттама/белгі (біздің жағдайда мемлекеттің) ретінде:
– мемлекеттің кез келген дінге және кез келген метафизикаға қатысты бейтараптығын;
– мемлекеттің кез келген діннен тәуелсіздігі, сол сияқты діннің мемлекеттен тәуелсіздігін;
– ар-ұждан және діни сенімнің еркіндігін;
– қандай да болмасын ресми діннің болмауы, және нәтижесінде әрбір жеке адамның өз таңдауы бойынша кез келген дінді ұстану немесе ешбірін ұстанбау құқығын;
– мемлекеттік мектеп сипатының кез келген діннен еркіндігін ресми мәлімдейтін қағидалардың/ережелердің жиынтығын өзіне жинақтайды.

Бұдан шығатын қорытынды, «зайырлылық» түсінігі мынадай сипаттамалардан тұрады:
▪ бейтараптық (мемлекет пен мектептер),
▪ тәуелсіздік (мемлекеттің діннен және керісінше),
▪ еркіндік (ар-ұждан және діни сенім).
Мемлекеттік-құқықтық салаға байланысты зайырлылық:
▪ жалпыазаматтық бағыттылықты,
▪ діни санкциялаудан немесе қысым жасаудан, діни бірлестіктерге немесе сол сияқтыларға бағынушылықтан тәуелсіздікті білдіретін қоғамдық өмір салаларының, мемлекеттік немесе қоғамдық институттардың сипаттамасы болып табылады.

Зайырлы мемлекет дегеніміз не?

Зайырлы мемлекеттің көпшілік мақұлдаған белгілері:
▪ оның діни немесе өзге де идеология көздерінен әлеуметтік және формальды тәуелсіздігі;
▪ мемлекеттік тәртіптің шексіз егемендігіне ешбір алдыңғы болып өткен немесе жоғары тәртіпті қарсы қоюға жол бермеу;
▪ жалпыға міндетті діннің/идеологияның болмауы;
▪ мемлекеттің және мемлекеттік-құқықтық қатынастардың тәуелсіздігі:
– діннің қысым көрсетуінен яки оның идеологиясынан немесе санкциялаудан;
– идеологияны таратуға бағытталған діни бірлестіктерге мемлекеттік қызметтің бағынуынан;
– олардың саяси, бұқаралық-биліктік қатынастарды, мемлекеттік билік органдарының, өзге де мемлекеттік органдар мен мекемелердің, сондай-ақ құқықтық және қоғамдық-саяси институттардың құрылымы мен қызметін құқықпен реттеушіліктің барлығына араласуынан.

Зайырлы мемлекеттің негізгі критериі оның барлық азаматтары үшін міндетті діннің болмауы болып саналады. Бұдан келіп шығатыны, мемлекеттің діни бірлестіктерден бөлінуі зайырлы биліктің өзара қарым-қатынастарын құрудағы негізгі қағида болып табылады.

Мемлекеттің діни бірлестіктерден және қызметі идеологияны таратуға бағытталған бірлестіктерден бөлінуі – мемлекеттік қызметтің діни бірлестіктерге бағынуынан және діннің санкциялауынан және қысым көрсетуінен мемлекет пен мемлекеттік-құқықтық қатынастардың тәуелсіздігін білдіретін немесе бекітетін мемлекет зайырлылығының елеулі белгілерінің бірі.

Мемлекет пен діни бірлестіктер – олардың бір-бірінен бөлінуін абсолюттеу үшін тең құқықты субъектілер емес. Бұл жерде әрқашан мемлекеттің үстемдігі жүреді. Бұған қоса мемлекеттің зайырлы сипаты діни бірлестіктермен өзара әрекеттеспейді дегенді білдірмейді. Ол азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз етеді және діни бірлестіктердің қызметін құқықтық реттеуді жүзеге асырады.

Мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қатынастардың жүйесі қоғамдық қатынастардың барлық қалған жүйелерінен оқшаулығын білдірмейді. Діни бірлестіктер қазақстандық қоғамның бір бөлігі, институттары, ал діндар адамдар Қазақстан Республикасының толық құқықты азаматтары болып табылады.

Мемлекеттің зайырлы сипаты діни бірлестіктердің қоғамдық өмірден, әлеуметтік үдерістерден, ең алдымен мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және сол сияқты басқа да салалардан оқшаулығын білдірмейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің мемлекетті зайырлы ретінде айқындайды. Оның зайырлылығының қағидалары қандай?

Шынында, біздің еліміздің Конституциясы (Негізгі заң) өзінің 1бабының I бөлімінде: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп ашық айтады.

Осылайша ресми мемлекеттік діні жоқ және бірде-бір дін оқулары «міндетті» немесе «артық көрінуі» мойындалмайтын зайырлы ретіндегі қазақстандық мемлекеттің құрылуы мен қызмет етуінің негізін құраушы қағида конституциялық тұрғыда бекітілді. Ал республиканың мемлекеттік құрылысының зайырлы негіздері ешқандай шамада ар- ұждан бостандығы қағидаларына қайшы келмейді.

Зайырлы Қазақстанның конституциялық-құқықтық нормаларына талдау жасау келесідей қағидаларға негізделген мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынастарының барлық түрлері мен формаларын жүйелеуге мүмкіндік береді:
– діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуі;
– республиканың діни-құқықтық кеңістігінде легитімді әрекет етуші барлық діни бірлестіктердің теңдігі;
– мемлекеттік қызмет пен жергілікті өзін-өзі басқарудың зайырлығы;
– білім беру жүйесінің зайырлығы;
– мемлекеттің діни ұйымдарды тікелей қаржыландыруына жол бермеу;
– діни ұйымдардың саяси күреске тікелей қатысуына тыйым салу;
– бір уақытта діни құндылықтар мен қасиетті болып табылатын тарих пен мәдениет ескерткіштерінің айрықша тәртібін орнату.

Зайырлы Қазақстан ислам мен православиеге, сондай-ақ өзге де діни конфессияларға тең шамада толерантты қарайды; дінді еркін тұтынуға азаматтардың құқықтарына заңнамалық деңгейде кепілдік береді және оны шынайы түрде қамтамасыз етеді.

Конституция саяси партиялардың діни негізде қызметіне жол бермейді.

Мемлекеттік билік органдары канондық құқық негізінде емес, Қазақстан Республикасы Конституциясының (Негізгі Заңының) негізінде құрылады және қызмет етеді.

Конституция ережелерінің негізінде Конституцияда, адам құқықтары жөніндегі халықаралық актілер мен Келісімдерде бекітілген ар-ұждан бостандығына азаматтардың құқықтарын жүзеге асырудың құқықтық тетігі болып табылатын «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» (2011ж.) ҚР Заңы әрекет етеді.

Зайырлы мемлекеттегі сияқты Қазақстанда келесі жайттарға сәйкес діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлектену қағидасы жүзеге асырылады:
▪ діни бірлестіктер саяси қызметтің субъектілері болып табылмайды
▪ мемлекеттік басқаруға, мемлекеттік органдардың қалыптасуына қатыспайды.
Сонымен бірге ар-ұждан бостандығы конституциялық-құқықтық түсінік ретінде субъектілердің өзінің сенімдеріне сәйкес ой қорытуға және әрекет етуге, дінге деген өзінің қатынасын өз бетінше айқындауға және заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау жағдайында әрекет жасауға ҚР заңдарымен рұқсат етілген және кепілдік берілген құқығын білдіреді.

Қазақстан Республикасының азаматтары дінге қатысына қарамастан экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларында заң алдында тең.

Азаматтардың құқықтарын тікелей немесе жанама түрде шектеу немесе дінге қатыстылығына қарай кез келген артықшылықты орнату, немесе осымен байланысты алауыздық пен өшпенділікті ояту, немесе азаматтардың сана-сезімдерін жәбірлеу, сондай-ақ кез келген діннің жолын қуушылардың қасиет тұтатын бұйымдарын, құрылыстарын және орындарын қорлау ҚР белгіленген заңнамамен жауапкершілікке тартылады.

Заңда ескерілген жағдайлардан басқа, өзінің діни сенімдерінің себебінен азаматтық міндеттерін орындаудан бас тартуға ешкімнің құқығы жоқ екені заңнамада нақты көрсетілген. Діни сенімдердің себебінен бір міндетті атқаруды басқасына ауыстыру ҚР заңнамасына сәйкес болғанда ғана рұқсат етіледі.

Діни бірлестіктер заңнама шеңберінде мемлекетке азаматтарды әлеуметтік қорғау функцияларын, мәдени-тәрбиелік қызметтерін атқаруға ықпал етеді және жәрдемдесе алады.

Қазақстан Республикасы зайырлылығының конституциялық- құқықтық аспектілері адамдардың дінді ұстануына қарамастан теңдігі туралы, олардың ешбір дінді ұстанбауына еркіндігін қоса алғанда, ар- ұждан мен дін тұту еркіндігіне құқықтары туралы ережелер мен нормаларды бекітуші халықаралық-құқықтық құжаттармен ескерілгенін ерекше атап өткен жөн.

Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні неде?

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз екенін атап өтеді. Біздің көпэтникалық еліміздегі бейбітшілік пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік үлгіде әділ мойындалған. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталықтарының бірі болып табылады.

Шынында, бүгінгі күні Қазақстанда 130-дан астам этникалық және
18 конфессиялық топтардың өкілдері бірге тұрады, олардың қатар өмір сүруі мен дамуы үшін елімізде қолайлы жағдай қалыптасқан.

Қазақстанда діннің дамуы мен рухани салт-дәстүрлердің жаңаруы еліміздегі діни сенім бостандығын, рухани дамуды, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет пен оның Басшысымен жүргізіп отырған жүйеленген және өлшемденген саясатының нәтижесі болып табылады.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі міндеттері:
1. Азаматтардың діни сенім бостандығына құқығын жүзеге асыруды қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара әрекеттестік орнату.
2. Қазақстандық қоғамда конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық диалогты ұйымдастыру және қолдау.
3. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, дін саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Көрсетілген міндеттер орталық мемлекеттік органдармен қатар жергілікті атқарушы органдар саясаты ретінде жүзеге асырылады.

Қазақстандағы конфессионалдық саясаттың құрылуына негіз болатын басты қағидалар:
1. Елдің Конституциясы мен заңдары азаматтардың ар-ұждан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Конституция конфессионалдық, этникалық және өзге де белгілердегі кемсітушіліктің кез келген формасына тыйым салады. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңы діни бірлестіктердің еркін қызмет етуі үшін құқықтық негізді нығайтты. Қазақстан адам құқығы аясындағы маңызды халықаралық келісімдер мен шарттарға, оның ішінде осы саладағы БҰҰ-ның негізгі пактілеріне қосылды.
2. Қазақстан зайырлы және құқықтық мемлекет саналатындықтан, мемлекет конфессиялардың өз қызметтері мен құқықтарын жүзеге асыруға тең және қолайлы жағдай жасайды.
Аталған қағидалар діни бірлестіктер санының айтарлықтай артуына және конфессиялар арасында достық байланыстың нығаюына себепші болды. Қазақстан тұрғындарының басым көпшілігі өздерін мұсылман санауы өзге діни сенімдердің толыққанды қызмет етуіне кедергі жасамайды. Мұсылман емес діни бірлестіктер санының артуы осыған дәлел бола алады. Тәуелсіздік алған кезеңнен бері православиелік, католиктік, протестанттық қауым саны бірнеше есеге өсті.

Азаматтық қоғам институттарының – үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының дін саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына белсенді қатысуы Қазақстандағы конфессиялық тұрақтылықтың нығаюында маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда халықтың түрлі деструктивтік, оның ішінде жалған діни идеяларды мойындамаудағы нақты азаматтық ұстанымын қалыптастыру маңызды саналады.

Діндердің бейбіт қатар өмір сүруі, экстремизмнің таралуына қарсы іс-қимыл, жалпы алғанда Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басым міндеттері болып табылады. Діни және этникалық негіздегі қақтығыстар, мәдени, әлеуметтік, саяси құқықтардың шектелуі, этникалық немесе конфессионалдық белгілердің, діни экстремизм мен терроризмнің мемлекеттің саяси жүйесінің тұрақсыздығына, халықаралық қатынастардың шиеленісуіне себеп болуы мүмкін екендігін есте сақтау қажет.

Қорыта келе, қазіргі таңда Қазақстанда діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға, діни сенімдерге құрметпен қарауға, заң алдында түрлі дін өкілдері тең дәрежеге ие болуына негізделген мемлекет пен діндер арасында бірегей үлгі орнағандығын айта кету керек.

2013 жылғы әлеуметтанулық сауалнаманың мәліметтері бойынша дін саласындағы мемлекет саясатын ел азаматтарының 89%-ы қолдайды. Осыған сәйкес, дін саласындағы мемлекет саясатын, осы саладағы мемлекеттік бастамалардың қоғамдық қолдауға ие болғандығын есепке ала отырып, толықтай жетістікке ие деп атауға болады.

Біздің еліміздің түрлі конфессиялармен өзара әрекеттестік орнату тәжірибесін халықаралық ұйымдар мен шетелдік серіктестер, оның қатарында БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ зерттеп, зерделеуде.

Қазақстан Республикасын неліктен келісім мен толеранттылықтың территориясы деп атайды?

22 жыл ішінде жас мемлекеттің мемлекеттік құрылысына, сондай- ақ оның Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен стратегиясына үлкен қызығушылықтары туындаған әлемдік саяси және діни лидерлердің арқасында Қазақстан келісім мен төзімділіктің территориясы деп аталды.

Шынында, Қазақстан өзінің мысалында егемен мемлекетті құрудағы келісім мен толеранттылық көптеген этностар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруінің кепілі болуы әбден мүмкін екендігін сенімді көрсетіп келеді. Бұл үшін барлық объективті алғышарттар бар.

Біріншіден, Қазақстан әрдайым этникааралық, мәдениаралық және конфессияаралық диалогты реттей отырып, өзінің аумағында экстремизм мен терроризмнің таралу қаупін сейілтті.

Қазақстан – әлеуметтік тәртіпсіздік аласапыраны орын алмаған посткеңестік кеңістік елдерінің бірі. Террор мен экстремизмнің жаппай апаты бізге тиген жоқ. Біз терроризм мен экстремизмге қарсы жалпыәлемдік күрестің белсенді қатысушысына айналдық. Заманауи қауіптермен күресудегі айқын жетістіктер Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықтың факторы ретіндегі еліміздің маңыздылығының объективті себепшісі болды.

Қазақстан аймақта шынайы көшбасшы бола отырып, барлық Орталық-азиялық мемлекеттер үшін саяси және экономикалық дамудың эволюциялық жолының берік үлгісін көрсетеді.

Екіншіден, еліміздің алдында мемлекетті құрудың өткір міндеттері тұрған егемендіктің алғашқы жылдарының күрделі жағдайларында Қазақстанның мемлекеттік құрылысының негізіне этникалық емес, азаматтық негіздегі бірегейлікті қалыптастырудың қағидалары бекітілді.

Бұл қағида еліміздің Конституциясының негізіне ене отырып, «Біз – Қазақстан халқы» формуласында өзінің көрінісін тапты. Осылайша, біз Қазақстанның егемендігі жекелеген ұлттар мен діндерге емес, этникалық және конфессиялық тиістілігіне қарамастан барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз етуші халықтың тұтастығы мен бірлігіне негізделетінін дәлелдедік.

Қазіргі уақытта еліміздің барлық заңдары әлемдік тәжірибені есепке алады, адам құқықтары, өз еркін білдіру еркіндігі мен азшылық мүдделерін қорғау сияқты демократияның іргелі қағидаларына сүйенеді.
Қазақстан Республикасында этностардың құқықтарына және олардың дін тұтушылық сана-сезімдеріне қысым көрсетуші ережелерден тұратын бірде-бір заң жоқ.

Бұл саясаттың символы Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланған – 1 мамыр ұлттық мерекесі болып табылады.

Үшіншіден, елдің рухани жаңаруы қамтамасыз етілді және ең маңыздысы – жалпыұлттық келісім мен толеранттылық.

Бұл мәдениет уақытпен түзіледі, халықтың діліне енеді.

Қазақстанның түрік-славяндық әлемі христиандық пен мұсылмандық конфессиялардың шиеленіссіз байланысуы мен дамуының ғажап феноменін көрсетті.

Қазақстандық халық бірлесе әрекет ете отырып, еліміздің тәуелсіздігінің 22 жыл ішінде этника, мәдениет пен дін әралуандығындағы бірлікті сақтаудың міндеттері жақсы шешіліп жатқан мемлекетті құрды.

Ұлттың санасында Қазақстанның полиэтноконфессиялық әралуандығы – бұл қазақстандықтарға басқа халықтармен құнды мәдени жетістіктерімен алмасуға мүмкіндік беретін біздің бар қоғамымыздың ортақ игілігі, зор байлығы екендігін білдіретін түсінік орнықты.

Және соңғы, төртіншіден, Қазақстан барлық әлемдік және дәстүрлі діндер диалогының халықаралық орталығына айналды.

Барлық әлемдік және дәстүрлі діндерді, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдарды білдіретін, жұмысында әлемнің 40 елінен 87 делегация қатысқан 2012 жылдың мамыр айындағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Төртінші Съезі, оған қатысушылармен өзара түсіністік, бейбіт өмір, лайықты тіршілік ету, мүдделердің үйлесімдігі сияқты таусылмас құндылықтарға барар жолдағы маңызды қадам деп заңды түрде мойындалды.

Рухани иерархтардың Съезін өткізу идеясының өзі, діни лидерлер Кеңесінің құрылуы, Бірінші Съездің шақырылуының 10 жылдығын атап өту, мемлекет астанасында Бейбітшілік пен келісім сарайының салынуы және басқа да көптеген шаралар әлемдік діндердің қазіргі уақыттағы жаңа, ерекше қауіп-қатерлерге бірлесе жауап іздеу мақсатындағы республикамыздың сындарлы диалогты жүргізуге ұмтылушылығының айғағы болды.
Мемлекеттік саясаттың жалпы қорытындысы этникааралық және конфессияаралық диалог қоғамдағы келісім мен толеранттылықты нығайтудың әлеуетті факторына айналғандығы болып табылады.

Бүгінде біз Қазақстанның халқы Қазақстандағы келісім мен толеранттылықтың бір аумағында бірге өмір сүруді қалайтындықтарына сенімді болуымыз қажет, өйткені француздың саяси ойшылы Шарль Луи Монтескье айтқандай, – «ұлттың рухы» мен Отанға деген сүйіспеншілік қоғамның үйлесімді өмір сүруінің бірден-бір негізі болып табылады».

Қазақстандық қоғамның терең мәнін құрайтын түрлі этностар мен конфессиялар адамдарының рухани және мәдени құндылықтарын ұқыпты қабылдау, өзара түсіністік, төзімділік барлық этностар үшін жалпы мұраттар мен құндылықтарды қалыптастыра отырып, халықтың жалпы ділінде оң көрініс табады.

Конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің бірегейлігі неде?

Ең ірі әлемдік діндердің – исламның, христиандықтың және буддизмнің арасындағы шынайы шекарасы тарихи болып табылатын біздің елімізді «өркениеттердің торабы» деп атауы заңды. Мұнда ғасырлар бойы түрлі этностар мен дін өкілдері бірге өмір сүріп, бірге еңбек етті. Сондықтан Қазақстанда ел халқының көпшілігінде ұқсас құндылықты бағдарларды қалыптастыруға, этникааралық және конфессияаралық келісім мен өзара құрметтің толерантты атмосферасын құруға ықпал ететін түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің тарихи баға жетпес, бай тәжірибесі жинақталған.

Мемлекетіміздің басшысы Қазақстанның этномәдени және конфессионалдық алуан түрлілігі – бұл қазақстандықтарға басқа халықтардың құнды мәдени жетістіктерімен алмасуға мүмкіндік беретін біздің бар қоғамымыздың ортақ игілігі, зор байлығы екенін әрдайым ерекше атап өтеді.

Белгілі болғандай, тәуелсіздік алғаннан кейін біздің еліміздің алдында қоғамдық диалогты қалыптастыру мен конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету міндеті тұрды. Полиэтноконфессиялық қазақстандық қоғам жағдайында рухани бейбітшілік пен келісім жас мемлекетті құрудағы республиканың әлеуетін жұмылдыра отырып, халықты бір азаматтық қоғамдастыққа топтастырушы факторға айналды.

Екі онжылдықтың ішінде құрылған конфессияаралық келісімнің тиімді үлгісі бүгінде Қазақстанның жедел жаңару үдерісінің және оның әлемнің ең бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына енуіне қажетті жағдай мен тірегі болуға қызмет етуде.

Қазақстан этностардың ұлттық-мәдени алуан түрлілігін бір уақытта сақтаудағы этникалық ерекшелікті дамытуға бағытталған стратегиялық бағытты дәйекті және мақсатты түрде ұстанып келеді. Мемлекеттік саясаттың негізінде мәдени, діни және өркениеттік бірегейлікті одан әрі нығайтудың, мәдени қоғамдастыққа өтудің, сондай-ақ діндер диалогын бүкіләлемдік дамытудың негізгі қағидалары жатыр.

Қазақстанда конфессиялардың құрылымды диалогы елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға қол жеткізудің ең басты жолдарының бірі болып табылады.

Қазақстандағы көпконфессиялылық мемлекеттің қауіпсіздігінің тиісті деңгейін сақтаумен байланысты баянды гуманистік құндылығы мен тәжірибелік маңызы бар толеранттылық пен өзара құрметтің қағидаларын бекітумен бірге жүреді.

Республикадағы толеранттылық қағидасы саяси мәдениеттің нормасы ғана емес, сонымен бірге зайырлы мемлекетті құрудағы ең негізгі принциптердің бірі болып табылады.

Қазақстандық модель тұрақты, қатып қалған үлгі болып табылмайтындығы өнеге тұтарлық. Ол жаңа ағымдарға сәйкес жетіле отырып, елдегі және әлемдегі болып жатқан өзгерістерге ілтипатпен әрекет етеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндердің жақсы дәстүрлерін құрметтеп және қолдай отырып Қазақстан заманауи зайырлы мемлекет құруда. Дін саяси-мемлекеттік үдерістерге араласпайды. Өз кезегінде, мемлекет діни қауымдастықтардың өміріне араласпайды, олардың әлеуметтік, салттық, ағартушылық және қоғамдық өмірге терең интеграцияланудың өзге де міндеттерін толыққанды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасайды. Конфессиялардың/діндердің ішкі өміріне араласпау саясатын ұстана отырып, олардың қызметтерінің толық жүзеге асуына ықпалын тигізе отырып, мемлекет олардың арасындағы диалогтың дамуын ынталандырады.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде діни институттардың айтарлықтай сандық және сапалық өсімі байқалды. Тарихи-мәдени ескеркіштер мен мешіттер жаңғыртылып, қалпына келтірілді, жаңадан ғибадат ету ғимараттары бой көтерді.

Қазақстандағы ресми мойындалған мерекелік/демалыс күндердің қатарына мұсылмандық Құрбан айт мерекесі мен Христос Рождествосы православиелік мейрамы енді.

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен 2011 жылдың 18 мамырында құрылған Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі өзінің өкілеттігі шеңберінде жүзеге асырып келеді.

Агенттік әр түрлі дінге сенушілер мен діни бірлестіктердің арасындағы өзара түсіністікті нығайту, дін тұту бостандығына азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты атқарып келеді, сондай-ақ заңнамаға сәйкес діни бірлестіктермен өзара әрекеттесу мен салааралық үйлестіруді жүзеге асыруда.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан құрылған діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңесі (әрі қарай – Кеңес) қызмет етеді.

Кеңес консультативтік-кеңесушілік орган ретінде діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-әрекеттестік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыру мен іске асыру, қоғамдағы рухани келісімді нығайту мен конфессияаралық қатынастарды үйлесімдеу мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді. Жетекші конфессиялардың басшыларынан, дінтанушы- ғалымдардан, мемлекеттік басқару органдарының жұмыскерлері мен ҚР қоғам қайраткерлерінен құралған Кеңес өзінің қызметін мемлекеттік органдармен, республиканың діни, өзге де қоғамдық бірлестіктерімен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесе отырып жүзеге асырады.

Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері жанынан діни бірлестіктердің қызметіне қатысты күн тәртібіндегі мәселелерді жүйелі әрі тұрақты түрде шешумен айналысатын діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес қызмет атқарады.

Отырыс барысында қарастырылатын мәселелер және оларға қатысты шешімдер мен сәйкесті қызметтер аймақтағы діни ахуал мен әлеуметтік-саяси жағдайдың жақсаруына оң ықпалын тигізеді.

Қазақстандағы діни ахуал мәселелері жөніндегі консультациялық- сараптамалық кеңесі (әрі қарай – Кеңес) ҚР Дін істері агенттігі жанындағы үнемі қызмет атқаратын консультативтік-сараптамалық орган болып табылады және келесідей қызметтерді жүзеге асырады:
− діни қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру мен діни қызметті мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;
− діни ахуалды зерттеу саласында тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік сарапшылармен, халықаралық ұйымдармен өзара әрекет етеді.

Кеңес құрамы дінтану, саясаттану, әлеуметтану, философия, мәдениеттану, құқықтану саласындағы жетекші мамандар мен ғалымдардан, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен тұрады.
2012 жылдан бері республикада өзінің қатарына 160-тан астам маманды біріктірген «Дінтанушылар конгресі» ҚБ қызмет етеді.

Конгрестің жанында ислам дінінің мәселелерімен қызығушылар мен мұсылмандардың танымдық, рухани және діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін құрылған «Е-Islam» ақпараттық-ағартушылық Интернет-порталы жұмыс істейді. Интернет-порталда қазақстандық халықтың дәстүрлі рухани құндылықтары, ислам жайында объективті ақпараттар шоғырландырылған. Блоггер-мамандардың жұмысы ұйымдастырылған.

Дін істері агенттігі жанында дін және дін тұту еркіндігі саласындағы, сонымен қатар үйлесімді конфессияаралық қатынастарды, толерантты сананы, қоғамдық бейбітшілік пен келісімді дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға азаматтық қоғам институттары мен үкіметтік емес секторды біріктіретін Үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланыстар жөніндегі Кеңес жұмыс істейді.
Кеңес азаматтық секторды қамтитын 40-тан астам ҮЕҰ біріктіреді, соның ішінде 28-і діни қатынастар саласы бойынша түрлі қызметтер көрсетумен тікелей айналысатын үкіметтік емес ұйымдар.

Жалпы алғанда, біздің елде әрбір азамат діни тиістілігіне қарамастан, Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтар мен бостандықтарға ие және оны толықтай пайдаланатын конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасқан.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-на төрағалық ету қызметіне өту жағдайына байланысты өзінің үндеуінде: «біздің этносаралық және дінаралық келісімнің моделі – ол әр түрлі конфессиялардың өзара әрекеттесуінің бүкіл әлемдік үдерісіне Қазақстанның қосқан шынайы үлесі» – деп ерекше атап өтеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі деген не және оның тарихы қандай?

Қазақстанның елдегі бейбітшілікті, тұрақтылықты, конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған мақсатты саясаты әлемдік қауымдастық тарапынан мақұлданып, кеңінен қолдау тапты.

Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы әмбебап «көпір» ретінде қызмет атқарады. Көптеген халықаралық ұйымдар, ең алдымен БҰҰ елдердің өзара қарым-қатынастарында көрінетін конфессияаралық және дінаралық диалогты нығайтуға бағытталған Қазақстанның күш- жігерін жан-жақты қолдайды.

Исламның, христиандықтың, буддизмнің, иудаизмнің, индуизмнің көрнекті қайраткерлері Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін әлемнің барлық діндеріне диалог жүргізуге болатын жаһандық алаң ретінде мойындады.

Бұл Қазақстандағы конфессионалдық саясаттың бүкіл халықаралық қауымдастықты қызықтырушы бірегей, ерекше рецептілер жасауға мүмкіндік бергендігінің ең айқын көрінісі.

Бұл жерде Ұлт көшбасшысы – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның астанасы Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы жаһандық бастамасы туралы сөз болып отыр.
Белгілі болғандай, I Съезд 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде, II Съезд – 2006 жылдың 12-13 қыркүйегінде, III Съезд – 2009 жылдың 1-2 шілдесінде, IV Съезд – 2012 жылдың 30-31 мамырында өткізілді.

Дінаралық форумдардың қатысушылары әлемнің ең ірі конфессияларының басшылары, атақты саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері болды. Қазақстан басшысының шақыртуын исламның, православиенің, католицизмнің, протестантизмнің, буддизмнің, индуизмнің, конфуцийшылдықтың, иудаизмнің және басқа да діндердің уәкілдері қабыл алды.

Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съездерінің өткізілуі – бұл жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қолдау тетіктерінің бірі ретіндегі Қазақстанның мәдениеттер мен өркениеттердің диалогын дамытуға қосқан нақты үлесі.

Конфессияаралық диалог идеясы осы жылдар ішінде кеңінен даму мен қолдауға ие болды. Егер 2003 жылы I Съезге 17 делегация келсе, ал 2006 жылы форумның қатысушылары 20 елден келген 43 делегация болды, 2009 жылы – әлемнің 35 елінен 77 делегация болса, 2012 жылы съезге әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты.
Съездердің маңызды ерекшелігі, олардың жұмысында әлемнің барлық ең ірі конфессияларының өкілдерінен басқа көрнекті саясаткерлер, мемлекеттер мен ықпалды халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Бұл әлемдегі қауіпсіздікті күшейтуге, мәдениеттер мен өркениеттердің жақындасуына тікелей ықпал ете алатын пәрменді шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Форумға келуші ықпалды халықаралық ұйымдардың аясы кеңеюде. Олардың қатарында Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), БҰҰ білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ), Өркениеттер Альянсы. Съездің жұмысына бұрын-соңды қатыспаған Индонезияның, Пәкістанның, Палестинаның, Бразилияның жаңа діни конфессияларының өкілдері мен дінбасылары қосылды.

Съездің қызметі діни негізде туындаған өткір мәселелерді бірлесе талқылауға және шешуге, түрлі халықтардың діндері мен мәдениеттерінің диалогына, діни толеранттылық рухын нығайтуға және тәжірибе алмасуға, бейбіт діндердің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндіктер береді.

Бұдан басқа, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кездесуі зорлық-зомбылықтың, діни фанатизмнің, экстремизм мен терроризмнің алдын-алу үшін болашаққа кеңінен жол ашады. Олар адамдарға діни экстремизм мен терроризмде діни негіздер жоқ екенін көрсетеді. Әлемдік діндердің дін оқулары фанатизмді, зорлық- зомбылық пен төзімсіздікті жоққа шығарады, ал өзінің адамзатқа қарсы қызметінде діни ұрандармен жамылғандар дінге қарсы қылмыс жасайды.

Түрлі діндердің бейбіт қатар өмір сүруін ұйымдастыру Қазақстандағы рухани лидерлер форумының басты тақырыбына айналды.

І Съезд жұмысының барысында діни саяси экстремизм мен терроризм, діни негіздегі шиеленістер мен кемсітушілік, заңсыздық пен зорлық-зомбылық мәселелері қозғалды.

Форумның қорытындысы бойынша рухани лидерлер дінаралық үйлесімділікті жетілдіру, өзара түсіністік, өшпенділіктің, дұшпандықтың, төзімсіздік пен ксенофобияның алдын алудың, діндер мен мәдениеттерге дұрыс тәсілдерді ұсыну үшін әлеуметтік қатынасу құралдары мен білім беру бағдарламаларын жасау қажеттіліктері жайында ортақ пікірге келді. Съездің нәтижесінде бейбітшілікті сақтау, болашақта адамзат үшін тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-әрекет туралы Декларацияны қабылданды.

I Съезд барлық әлем адамдарының бейбіт және лайықты өмір сүруі үшін түрлі діндер өкілдерінің ынтымақтасуы мен бірлесу идеяларын іске асырудың өз уақыттылығы мен қажеттілігін әлемге көрсеткен бірегей және есте қаларлық оқиға болды. Съезд идеясы К. Аннан, Дж. Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цзэминь, Н.Мандела, Ж.д’Эстен және басқа да көрнекті қайраткерлер мен саясаткерлердің қолдауына ие болды.

II Съезд «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» жалпы тақырыбында өтті. Съезде қатысушылар ұстанған «Дінаралық диалог қағидалары» қабылданды. Екінші Съездің қорытынды құжатында «қарсылық идеологиясын» «бейбітшілік мәдениетіне» ауыстыруға деген жаһандық қажеттілік кеңінен көрініс алды.

III Съезд БҰҰ-ның қатысуымен және оның техникалық қолдауымен «Өзара құрмет пен ынтымақтастық және толеранттылық негізіндегі әлемді құрудағы діни көшбасшылардың рөлі» тақырыбында өтті. Съезд барысында «Моральдық және діни құндылықтар», «Сұхбат және ынтымақтастық», «Пікірлестік әсіресе, дағдарыс кезіндегі пікірлестік» сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

IV Съезд «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» тақырыбында өтті. Форумның мазмұнды ерекшелігі «Тұрақты дамуға қол жеткізудегі дін лидерлерінің рөлі», «Дін және мультикультурализм», «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен қазіргі заманғы сын-тегеуріндер», «Дін және жастар» сияқты бүгінгі қоғам үшін көкейтесті тақырыптарда төрт секциялық отырыстың өткізілуі, сондай- ақ Съездің діни лидерлерінің Кеңесі құрылуы болды.

Съездің халықаралық қауымдастыққа тәжірибесін беруде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші Съезінің шақыртылуына 10 жыл толуына орай 2013 жылы ұйымдастырылған іс-шаралар қомақты үлесін қосты. Әлемнің 10 мемлекетінде Съездің тәжірибесіне арналған тұсаукесерлік іс-шаралар өтті.

Жалпы алғанда, жаһандық дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлес Қазақстанның ұлттар қауымдастығында беделін көтерді. Астана Съездің тұрақты диалог алаңына айнала отырып, жалпыәлемдік дінаралық диалог саласында өзінің орнын тапты. Халықаралық құрылымдарда Қазақстан өзінің интеграциялық бастамаларымен, сондай-ақ түрлі діндер мен этностар адамдарының өзара түсіністігі мен құрметі негізінде біріккен серпінді дамушы экономикасы мен қоғамы бар ел ретінде танылды.

Қазақстан өзінің тәуелсіз дамуының 22 жылы ішінде БҰҰ Жарғысының Принциптерін мүлтіксіз қадағалай отырып, әлемдік саясатта беделге, құрмет пен сенімге ие болды, бүкіл әлемдік қауымдастықтың сенімді әріптесіне айналды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы қалай ұйымдастырылған?

Тәуелсіздік алғаннан соң Қазақстан Республикасы БҰҰ сияқты, сондай-ақ, ЕҚЫҰ, ИКҰ (ИЫҰ), ТМД, ШЫҰ, ҰҚКҰ және басқа да бірнеше халықаралық ұйымдардың қатарына өтті.

1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-сессиясының қорытындысы бойынша 46/224- Резолюциясымен Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның мүшелігіне бірауыздан қабылданды.

2012 жылдың 12 қарашасында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 67- сессиясы шеңберінде Қазақстан Республикасы алғашқы рет БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне 2013-2015 жылдар аралығына алғашқы рет мүшелікке сайланды.

Бүгінгі күні Қазақстандағы тіршілік әрекетінің түрлі салаларында БҰҰ-ның 15 өкілдігі нәтижелі қызмет жасап отыр.

Тұрғындардың көпэтникалық және көпконфессиялық құрамын есепке ала отырып, Қазақстан бірқатар сындарлы халықаралық бастамаларды ұсынды, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты, ел ішіндегі, халықаралық кеңістіктегі мәдениет пен дін арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған әлемнің басқа мемлекеттері басшыларының озық идеяларын қолдады.

Төзімділік пен бейбітшілік, өркениеттер ынтымақтастығы идеялары Қазақстан Республикасының ірі сыртқы саяси бастамаларының өзегіне айналды және Орталық Азия мен Еуразия құрлығында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін үлкен мәнге ие болды.

ЕҚЫҰ мен ИЫҰ сияқты Еуропа мен мұсылман әлемінің ең ірі халықаралық ұйымдарын басқаруды Қазақстанға сеніп тапсыру әлемдік қауымдастықтың этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдаудың қазақстандық үлгісіне жоғары баға беруінің айғағы болып табылады.

Қазақстан және ЕҚЫҰ

Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (әрі қарай – ЕҚЫҰ) 1992 жылдың қаңтарында кірді.

ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымға мүшелікке өту Қазақстанның тек Еуропалық аймақта ғана емес, әлемнің басқа түкпірлерінде де бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін күресуге деген ұмтылысын дәлелдейді.
ЕҚЫҰ мүшелері болатын көптеген елдердің басшылары ядролық қару мен басқа да жаппай қырып-жою құралдарын таратпау ісіндегі Қазақстанның рөлі мен қосқан үлесіне жоғары баға берді, осы саладағы елдің саясатын одан әрі қолдайтындықтары жайлы айтты.

ЕҚЫҰ-мен өзара ынтымақтасу бағытында Қазақстан, ең алдымен, Орталық Азияда бейбітшілікті сақтауға және ЕҚЫҰ-мен бірге күш сала отырып аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тырысады.

Қазақстан үшін әлемдік аренада ең маңызды оқиғалардың бірі еліміздің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі болды. Қазақстан төрағалық еткен кезде бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізді, олардың ішінде ең бастысы 11-жылдық үзілістен кейін ЕҚЫҰ Саммитінің Қазақстанның астанасы Астана қаласында өткізілуі болды. Әлемнің көптеген мемлекеттері мен үкімет басшылары адамзат дамуының барлық салаларындағы Қазақстанның жетістіктерін өз көздерімен көрді.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етудегі ұраны төрт «Т»: trust (сенім); tradition (дәстүр); transparency (транспаренттілік); tolerance (толеранттылық) болды.

Сонымен қатар Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуының маңызды компоненттерінің бірі мәдениеттердің, діндер мен өркениеттердің арасындағы диалогты нығайту мәселесіндегі Қазақстан үшін үлкен мәнге ие «Толеранттылық» болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «ЕҚЫҰ тағдыры мен келешегі» мақаласында айтқандай: «Қазақстан мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысу идеясын ұстанған көп ұлтты және поликонфессионалды мемлекет ретінде ұлтшылдық, діни төзімсіздік, нәсілшілдік, ксенофобия және антисемитизмнің тиімді алдын алу үшін ұйымның мықты әлеуетін пайдалануға ұмтылады».

Қазақстан және ИЫҰ

Қазақстан әлемнің араб елдерімен ынтымақтастығын дамыта отырып, 1995 жылы қатарында көбісі зайырлы мемлекеттер болып табылатын, 57 мұсылман елдерін өзінің құрамына біріктіруші Ислам конференциясы Ұйымына мүше болды.

Қазақстан өзінің табысты дамуы арқасында 2011 жылы ИКҰ-на төраға болу құқығына ие болса, осы жылдың 28 шілдесінде Қазақстанда Сыртқы істер министрлігі кеңесі мен Ислам ынтымақтастық ұйымының 38-сессиясы өтті.
ИКҰ-на төрағалық ете отырып, Қазақстан саяси және гуманитарлық ынтымақтастық, терроризмге, діни төзімсіздікке және гендерлік теңсіздікке қарсы күрес сияқты маңызды мәселелерді ұйымның күн тәртібіне қосу үшін бар күшін салды. Тек Қазақстанда ғана ИКҰ СІМК сессиясында ИКҰ атауын Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) ауыстыру шешімі қабылданды, сондай-ақ Ұйымның жаңа белгісі бекітілді.

Қазақстанның басқа ірі өңірлік және әлемдік ұйымдармен қатар ИЫҰ қызметіне белсенді түрде қатысуы конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету мәселелерін талқылау және олар бойынша шешім қабылдау, сонымен қатар халықаралық сахнадағы мәдениет пен дін диалогы үшін жағдай туғызады.
Қазақстан және Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК)
1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 47- сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақырту бастамасын ұсынды.

Қазақстан көшбасшысының ұсынысы азиялық, сондай-ақ еуропалық мемлекеттер тарапынан кеңінен қолдау тауып, оны жүзеге асырудың жоғары деңгейін анықтады. Сол кезде Азияның жоғарыда көрсетілген мәселелерді қарастыру және бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылық идеясын ілгерілету үшін қандай да бір жалпықұрлықтық құрылымы болмады.

Қазақстан өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азиялық мемлекеттердің өзара іс-әрекет етуін және ынтымақтастығын нығайтуды міндет ететін азиялық құрлықтағы мемлекеттерді біріктіретін халықаралық форумды құруды ұсынды.

Бүгінгі күні АӨСШК құрамында 24 мемлекетті қамти отырып, заманауи халықаралық қатынастардың маңызды факторына айналды және ынтымақтастықтың кең шеңбердегі мәселелері бойынша жалпы азиялық тиімді диалог құру алаңына айналды. АӨСШК БҰҰ жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды (2007 жылғы 12 қарашада), бұл АӨСШК-тің елдер мен мәдениеттер арасындағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету ісіндегі жоғары мәнге ие екендігінің дәлелі болды.

Қазіргі күні Қазақстан жаһандық деңгейдегі діндер мен өркениеттер диалогы ұстанымын бекіту туралы мәселені көтере отырып, Шығыс пен Батыс арасындағы «көпірге» айналып отыр. Елде қалыптасқан этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісі әлемдік бағаға ие болды.

Қазақстан және Өркениеттер Альянсы.

Өркениеттер Альянсы (әрі қарай – Альянс) Батыс пен мұсылман елдері арасында бөлінушілікті болдырмау, діни түсініспеушілік пен өркениеттер арасында поляризацияны еңсеру, сонымен қатар жаһандық деңгейде тыныштық орнату үшін мемлекеттерді ынталандыру мақсатында құрылды.

Бүгінгі күні Альянс Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өз қызметін жүзеге асырып отыр және әлемдегі мәдениетаралық диалогты ұйымдастыру үшін жетекші алаңдардың бірі болып табылады.

Қазақстан мен Альянс өркениеттер арасындағы диалогты жүргізудің бейбіт бастамасын ілгерілету мәселелерінде серіктес болып табылады. Қазақстан Республикасының Өркениеттер Альянсымен ынтымақтастығы 2005 жылғы 16 қарашада Қазақстанның Альянс достары тобына қосылуынан бастау алады.

Өз кезегінде Өркениеттер Альянсы үшін поликонфессионалдық елдегі дінаралық келісім мен төзімділікті сақтау бойынша Қазақстанның және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің тәжірибесі өте пайдалы.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының маңыздылығы неде?

2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы мүлдем жаңа геосаяси жағдайларындағы мемлекеттің дін саласындағы стратегиялық бағытын айқындаудың кезеңі, бүгінгі заман талабының маңызды қажеттілігі болды. Бұл жерде жалған діни экстремизм мен терроризмнің Қазақстанға ықпал етуімен байланысты ел үшін жаңа қауіп- қатерлердің пайда болуы, сондай-ақ адамдардың діни бірегейлігіне тікелей әсер етуші дәстүрлі құндылықтардың бұзылу үдерісінің басталғандығы жөнінде сөз болып отыр.

Заңның маңыздылығы мемлекеттік-конфессиялық қарым- қатынасты жүзеге асыруға, мемлекеттің жаңа жағдайдағы қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, діни ұйымдардың қызмет етуіне арналған құқықтық алаңды ұйымдастыру мен дінді деструктивті мақсатта қолдану мүмкіндігінің деңгейін төмендетуге бағытталған.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелері ҚР Конституциясына (Негізгі Заңына) негізделеді.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңында дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлектену қағидатын сақтай отырып құрылған мемлекеттің қызметі нақты айқындалғаны маңызды, соның ішінде:
– Қазақстан Республикасының азаматының, шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлғаның дінге және діни тиістілігін айқындауға, өзінің сенімдеріне сәйкес ата-аналардың немесе олардың өзге де заңды өкілдерінің балаларды тәрбиелеуге, егер мұндай тәрбие баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенде, оның құқықтары мен жауапкершілігін шектегенде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына, конституциялық құрылымына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда араласпайды;
– мемлекеттік органдардың функцияларын орындауды діни бірлестіктерге жүктемейді;
– егер діни бірлестіктердің қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, діни бірлестіктердің қызметіне араласпайды;
– дін ұстанатын және оны ұстанбайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастарын орнықтыруға ықпал етеді.

Жалпы алғанда, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының барлық ережелерінің нәтижелі жүзеге асуының арқасында республикамызда қоғамдағы дін мен діни қатынастарды реттейтін нәтижелі құқықтық негіз қалыптасты.

Қазақстанда бүгінде қандай діни бірлестіктер бар?

2011 жылдың 25 қазанында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.

Заңның негізгі ережелерін жүзеге асыру конфессионалдық кеңістікті құқықтық реттеуге мүмкіндік берді.

Діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізу дер кезінде атқарылған шара болды. Бұл үдерістің нәтижесінде діни бірлестіктер мен олардың діни сенімдері туралы жаңа мәліметтер алынды.

2011 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша елде 4551 діни бірлестіктер болған. Ал қазіргі уақытта олардың саны 3434 құрайды.

Отандық сарапшылардың зерттеулерінің негізінде діни бірлестіктердің жаңа жіктемесі ұсынылып, конфессиялар мен деноминациялардың саны 46-дан 18-ге қысқарды.

Мемлекеттік органдардың осындай ауқымды қызметтерінің нәтижесінде Қазақстанның діни көрінісі келесідей болды.

Саны жағынан ең көп діни бірлестіктер елдегі барлық дінге сенушілердің үштен екі бөлігін құрайтын мұсылмандық болып табылады – 2382, және діни ғимараттары да саны жағынан ең көп – 2381.
Қазақстандағы дін ізбасарларының саны жағынан екінші орын алатын Орыс Православие Шіркеуі (ОПШ), оның 289 діни бірлестіктері бар.

Қазақстандағы келесі діни бағыт Рим-католиктік шіркеуі (РКШ) болып табылады. Оның 84 діни бірлестіктері бар.

Сондай-ақ, Қазақстанның конфессиялық кеңістігінде 500-ден астам простестанттық діни бірлестіктер қызмет атқарады.

Жоғарыда аталғандардан басқа 7 иудей қауымы, 2 буддистік діни бірлестіктер және өзге де бірқатар деноменациялар бар.

Әлемнің діни көрінісі қандай?

Әлемдік діни көріністі зерттеу оның бірегейлігі мен саналуандылығын көрсетеді.

Pew зерттеу қорының дін және қоғамдық өмір бойынша жүргізілген зерттеулерінің нәтижелері әлем бойынша он адамның сегізі өзін қандай да бір діни топпен сәйкестендіреді.

Қордың 230 елдер мен аумақтардың жай-күйіне жүргізген зерттеулері тек 2010 жылдың өзінде әлемнің 6,9 млрд. тұрғынының 84%-ын құрайтын 5,8 млрд. дінге қатысы бар ересектер мен балалар бар екенін анықтаған.

2500-ден астам халық санағы, шолулар мен тіркеулерді талдау негізінде жүргізілген демографиялық зерттеулер барлық әлем бойынша келесі мәліметтерді ұсынады:
– 2,2 млрд христиан (32% халық тұрғыны),
– 1,6 млрд мұсылман (23%),
– 1 млрд индуизм өкілі (15%),
– 500 миллиондай буддистер (7%),
– 14 миллион иудаизм өкілі (0,2%),
– 400 миллионнан астам адам (6%) түрлі ұлттық немесе дәстүрлі діни сенімдерді ұстанады, соның ішінде, африкалық дәстүрлі діндер, қытай халық діндері, түпкілікті америка діндері мен австралиялық аборигендердің діндері.

Бағалаулар бойынша, 58 миллион адам – әлем халқының 1%-нан төмені – өзге діни сенімдерді ұстанады, олар –Бахаи сенімі, джайнизм, сикхизм, синтоизм, даосизм, тэнрикѐ, викки және зороастризм.

Сондай-ақ, Pew Қорының соңғы зерттеулері әлем халқының алтыдан бірі (1,1 млрд немесе 16%) дін ұстанбайды.
Адамдардың төрттен үшіне жуығы (73%) діни топ барлық тұрғындардың басым бөлігін қамтитын елдерде тұрады.
Барлық адамдардың ширегіне жуығы (27%) діни азшылықтар ретінде өмір сүруде.

Көп жағдайларда индуистер мен христиандар өздері тұрғындардың басым бөлігі болып табылатын елдерде өмір сүру тенденциясына ие. Мысалға, барлық индуистердің 97%-ы әлем бойынша индуистер көп шоғырланған елдерде (Үндістан, Маврикия және Непал) өмір сүрсе, он христианның тоғызына жуығы (87%) христиан діні басым болып табылатын әлемнің 157 елдерінде орналасқан.

Мұсылмандардың басым бөлігі (73%) және діни таңдау жасамаған (71%) адамдар да өздері тұрғындардың ауқымды бөлігін қамтитын елдерде өмір сүреді.

Мұсылмандар 49 елдерде, соның ішінде Таяу Шығыс пен солтүстік Африканың 20 елінің 19 елдерінде өмір сүреді.

Діни таңдау жасамаған адамдардың басым бөлігі келесі алты мемлекеттерде өмір сүреді: Қытай, Чех Республикасы, Эстония, Гонконг, Жапония және Солтүстік Корея.

Өзге негізгі діни топтардың мүшелері өздері азшылықты құрайтын елдерде орналасқан.
Мысал ретінде, он буддистің жетеуі (72%) діни азшылық ретінде танылады. Сонымен бірге, онның үшеуі ғана (28%) будистер көптеп орналасқан жеті мемлекеттерде өмір сүреді, олар: Бутан, Бирма (Мьянма), Камбоджа, Лаос, Монғолия, Шри-Ланка және Таиланд.

Израиль иудаизм өкілдері көп саналатын жалғыз мемлекет саналады.

Бахаи, джайна, синтоизм, сикхизм, даосизм діндерінің және тэнрикѐ, викки және зороастризм ұстанушылары халықтың басым бөлігін құрайтын мемлекеттер жоқ.

Орташа алғанда кейбір діндердің өзгелеріне қарағанда жастарының көп екендігін атап өткен жөн. Әсіресе, жас ерекшеліктері діни топтардың географиялық таралу ерекшеліктеріне қатысты көрініс табады. Тез дамып, өркендеу үстіндегі мемлекеттерде көп дін ұстанушылары жас тұрғындар болып табылатын тенденциялар бар. Ал Қытай мен дамыған индустриалды мемлекеттерде, адам санының өсуінің төмен болуына сәйкес дін ұстанушылардың да жастары үлкен.

Негізгі екі топтың – мұсылмандар (23 жас) және индуистердің (26 жас)
– дін ұстанушылары әлем тұрғындарының орташа жасынан (28 жас) төмен, ал қалған топтарда орташа жастан жоғары.

Христиандар арасындағы орташа жас мөлшері 30 жас, одан кейін өзге діндерде (32 жас), халықтық және дәстүрлі діндерде (33 жас), діни таңдау жасамағандарда (34 жас) және буддистерде (34 жас). Иудаизм өкілдерінде ең жоғары орташа жас мөлшері (36 жас), олар мұсылмандардың ең төмен жас мөлшерінен он жасқа жоғары.

Халықтық діндер нақты халықпен, этникалық топтар немесе тайпалармен тығыз байланысқан. Кейбір жағдайларда әлемдік діндердің кейбір элементтері жергілікті сенімдер мен дәстүрлермен байланысқан. Көп жағдайда мұндай діни сенімдердің ресми ілімдері мен қасиетті жазулары болмайды, олардың қатарына африкалық дәстүрлі діндер, қытай халық діндері, түпкілікті американдық діндер және австралиялық аборигендердің діндері жатады.

Әлемдік және дәстүрлі деп қандай діндер аталады?

«Әлемдік діндер» ретінде әлемнің барлық құрылықтарына тарап, оның тұрғындарының нәсілдік, этникалық, тілдік, әлеуметтік немесе саяси қатыстылықтарына қарамастан бір сенім аясында біріктіретін діндерді түсіну қажет.

Сонымен қатар, әлемдік діндер қатарына ежелден пайда болып адамзат өркениетінің даму тарихына ықпал еткен діндерді де жатқызуға болады.

Қазіргі таңда әлемдік діндер қатарына үш діни бағыттар жатады: буддизм, христиандық және ислам.
Әлемдік діндер Ұлы Дала тарихына да ықпал етті. Олар Еуразияның ұлан-ғайыр аумағына, соның ішінде Қазақстан жеріне де өз ықпалдарын сақтауда.

«Дәстүрлі діндерге» келер болсақ, олардың қатарына нақты бір мемлекеттің аумағында өмір сүретін халыққа тиесілі және сол халықтың тарихына, дәстүрі, мәдениеті, тілі мен өзіндік танымының дамуына айтарлықтай үлес қосқан діндер жатқызылады «Дәстүрлі діндер» ұғымына қарсы «дәстүрлі емес» діндер, яғни:
– қандайда бір аумақта салыстырмалы түрде аз уақыт ішінде таралған,
– қандай да бір тарихи, мәдени және әлеуметтік маңызға ие емес діни ағымдар.

Сонымен қатар, қандайда бір мемлекет аумағында «дәстүрлі емес» саналатын діндер, кейбір этникалық топтар үшін мәдениетқұраушы фактор ретінде және кейбір мемлекет халқының дамуындағы үлесі үшін дәстүрлі саналатын фактілердің кездесетінін атап өткен жөн.

Діндар және тәжірибе алушы адам деп кімді атайды?

Діндар және тәжірибе алушы адам деп кімді атайды?
Жауап:
«Діндар» деп аталатын санатқа келесі адамдарды жатқызуға болады, олар:
– Құдайдың бар екендігін мойындайтындар;
– өзін белгілі бір діни ілімге бағдарлайды;
– сәйкес діни дүниетанымы және дүниеге көзқарасы бар.
Күнделікті өмірде діндар адам, өзі сенетін діни ілімнің догматикасына сәйкес әрекет етеді, оны жетекшілікке алады.

Діндар адам үшін оның рухани өміріндегі негізгі күш дін болып табылады, яғни ол өзінен жоғары қойып мойындайтын жоғарғы құндылықтар, және оның осы құндылықтарға сәйкес қызметтері.

Дінде сенушілердің бірнеше типін көрсету қалыптасқан:
– бірінші тип: терең сенетіндер, діни сенім олардың өмірі мен әрекеттерінде айқындаушы рөл атқарады;
– екінші тип: өмірінде діни сенім екінші кезекте тұрады және олардың әрекеттеріне мотивация болмайды.
– үшінші тип: ауытқымалы, олардың нақты діни сенімі жоқ және олар дін мен атеизм арасындағы таңдауда тұрақсыздық танытады, бұл сәйкесінше, олардың мінез-құлқынан және қоршаған әлемге деген қатынасынан көрініс табады.

Діндар адамға қарағанда тәжірибе алушы адам өзінің дін оқуының барлық талаптары мен салт-жоралғыларды толық көлемде орындайды, сондай-ақ діни ғұрыптар мен рухани дәстүрлердің барлық ережелерімен жүреді.

Діни экстремизм және терроризм дегеніміз не?

Қазіргі уақытта экстремизм мен терроризм мемлекеттер мен қоғамдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке ерекше қауіп төндіруде, олар дінді өздерінің саяси мақсаттарында қолданады.

Дін және оның құндылықтарымен бүркемеленген уағызшылар адамзат қауымдастықтары арасында алауыздық пен өшпенділік туғызып, бүкіл әлемде төзімсіздік пен зорлықты орнатады.

«Діни экстремизм» астарында мынаны түсіну керек – дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдану. Діни экстремизм тар мағынасында діндегі шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерге берілгендік. Мұндай экстремизмнің негізін демагогиямен байланысқан зорлық, агрессия және шектен шыққан қаталдық құрайды.

Кең мағынасында бұл ұғым мемлекеттік құрылысты күштеп өзгерту немесе билікті басып алу, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған діни мотивацияланған немесе діни безендірілген әрекет және осы мақсатта діни алауыздық пен өшпенділікті қоздыру.

«Терроризм» терминіне келсек, латын тілінен аударғанда «қорқыныш, үрей» дегенді білдіреді, яғни экстремизм сипатының көрініс табуы.

Терроризм зорлықтың аса қатыгез, үрейлі формалары мен әдістері арқылы саяси мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған қызметті білдіреді. Бұл барған сайын түрлі формаларға еніп, қарқынды үрей туғызып келе жетқан қазіргі заманның ең қауіпті әрі болжамы күрделі құбылысы.

Террористік актілер адамдардың жаппай қырылуына әкеледі және бұқара халықтың басым бөлігіне психологиялық қысым көрсетеді, материалдық және рухани құндылықтардың бұзылуына, кейде мұндай зардаптардың салдары қалпына келтірілмейтіндей деңгейде орын алады, мемлекеттер арасында алауыздықтар туындату арқылы соғыстардың тұтануына ықпал етеді, әлеуметтік және ұлттық топтар арасында сенімсіздік пен өшпенділіктің пайда болуына әкеледі.

Терроризм бұқаралық және саяси маңызды құбылыс ретінде қоғамда жекелеген топтардың мемлекеттің заңдылығы мен құқығына күмән келтіруімен және сол арқылы өздерінің мақсаттарына жету үшін террорды қолдануларын ақтайтын жаппай «идеологиясыздандырудың» нәтижесі болып табылады. Түрлі қылмыстық топтар өздерінің қылмыстық топтары үшін қолайлы жағдай жасау үшін мемлекеттік билікке ықпал ету, үрейлендіру мен жою мақсатында террорлық актілерді жүзеге асырады.

Терроризм – қазіргі жаһанданушы заман қатерлерінің бірі, ол өзінің формалары мен көріністерінің ауқымдылығы және жиілігінен, адамзатқа қарсылығы мен қаталдығы тұрғысынан әлемдік қауымдастық алдындағы түйткілді мәселеге айналды.

Діни экстремизм мен терроризмнің әлеуметке әкеліп жатқан зияны аса қауіпті, оның көрініс табуы келесідей:
– қоғам мен мемлекетке психологиялық және материалды шығыннан бастап, жеке тұлғаның өмірін қиюға дейін;
– азаматтық өшпенділік немесе алауыздықты тұтатудан бастап, өз алдарына мемлекеттің конституциялық құрылымының өзгеруін және оның аумақтық тұтастығының бұзылуын мақсат ететін бірқатар заңсыз қарулы құрылымдардың қызмет етуіне дейін.

Діни экстремизмнің қылмыстық көріністерінің салдары сәйкесінше әрекеттерден кейін бірден көрінуі мүмкін немесе ұзақ мерзімдік зардаптар әкелуі де мүмкін.

Қазақстанның сотымен қандай діни бірлестіктер «террористік» және «экстремистік» деп танылды»?

Қазақстан Республикасы сотының шешіміне сәйкес, бірқатар радикалды ұйымдар тобы «террористік» болып табылады:

I. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылдың 15 қазанындағы шешімі негізінде:
1. «Аль-Каида»
2. «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс»
3. «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»
4. «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»)

II. Жоғарғы Соттың 2005 жылдың 15 наурызындағы шешіміне сәйкес:
1. «Асбат аль-Ансар»
2. «Братья-мусульмане»
3. «Талибан» қозғалысы
4. «Боз гурд»
5. «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер»
6. «Лашкар-е-Тайба»
7. «Әлеуметтік реформалар Қоғамы».

III. Астана қаласы сотының 2006 жылдың 17 қарашадағы шешіміне сәйкес:
1. «АУМ Синрикё»
2. «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы»

IV. Астана қаласы сотының 2008 жылдың 5 наурызындағы шешіміне сәйкес:
1.«Түркістан ислам партиясы»

V. Атырау қаласы сотының 2011 жылдың 25 қарашадағы шешіміне сәйкес:
1. «Джунд-аль-Халифат» (Халифат сарбаздары).
Сонымен қатар, Қазақстанда «Хизб-ут-Тахрир» шетелдік ұйымы
«экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған

I. 2005 жылдың 28 наурызындағы Астана қалалық сотының шешімімен:
1. «Хизбут-Тахрир-аль-Ислами» ұйымы.

II. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылдың 7 маусымындағы шешімімен:
1. «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестік.

III. Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылдың 26 ақпанындағы шешімімен:
2. «Таблиғи-Жамағат».

Қазақстанда тыйым салынған «Ата жолы» және «Алля Аят» діни ұйымдары қызметінің ерекшелігі неде?

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы және Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы шешімдеріне сәйкес Фархат Абдуллаевтың «Алля аят» әдісіне сәйкес адамдарды емдеуді насихаттау және тарату бойынша ұйымның қызметіне тыйым салынғандығын атап өткен жөн.

«Ата жолы» қызметінің ерекшеліктері Нақты бір төлем сомасына бұл ұйымда адамнан «әулие» жасауға ұмтылған. Емделу курсына Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі «қасиетті мекендерге» барып аруақтармен тілдесу жатады. Адамға оның көріпкелдік және емдеушілік қасиеттері бар және ол адамдарды емдей алады деп сендіріледі. Егер ол аруақтардың айтқандарына ермесе бақытсыздыққа ұшырайды.

Мемлекеттік құқық қорғау органдары «Ата жолының» негізгі қаржы көздері оның соңынан ерушілердің ақшалай өтемдері екенін анықтаған, әр мүше ұйымдағы өз беделі мен дәрежесін көтеру үшін өзімен бірге бірнеше адамдарды әкелуге міндетті болған.

«Ата жолындағы» «емдеу» тәсілдері дәстүрлі медицина мен халық емінің қағидаттарына сәйкес келмейді.
Сот процестері кезінде сектаға өткен адам психологиялық, рухани және тәндік қысымдарға ұшырап, қайғылы оқиғаларға тап болады. Адамдардың өздеріне қол салу оқиғалары орын алғандығы анықталған.

Алла Аят
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2008 жылдың 22 желтоқсандағы шешімімен
«Аят-таза сана» ҚБ қызметіне республика аумағында тыйым салынды.

«Алля-Аят» қызметінің ерекшеліктері.

Бұл ағымның өкілдері дәстүрлі діндерді мойындамай, Құран мен Інжілді өртеуге дейін барады. Емдеу курсы «Өмір формуласын» айтудан тұратын Фархат-ата қуатына қосылудан басталады. Әрі қарай осы формуланы күніне бірнеше рет қайталап, үш минут көлемінде күнге қарау қажет. Сонымен қатар, «емдік Эткен чай» (тұз салынған қарапайым шай) ішу және «Звезда Селенной» журналын оқу қажет.

Мұндай қызмет жалған емшілік сипат алып, арнайы медициналық орындардан тыс медициналық білімі жоқ адамдар арқылы атқарылды.

Медицина саласындағы мамандар жүргізген зерттеулерге сәйкес, «Алля-Аят» қозғалысының тиімділігі мен қауіпсіздігі бойынша келесідей қорытындылар жасалды:
1. Аталған қозғалыстың қызметіне тартылған және (немесе) оның әсеріне ұшыраған адамдардың психикалық және физикалық жағдайының төмендеп кетуінің әлеуетті ықтималдығы бар.
3. Фархат-ата қозғалысында (ілімінде) қолданылатын тәжірибенің ешқандай ғылыми негіздемесі жоқ және қозғалыстың негізін салушысы мен оның жақын ізбасарларының ашуларына толықтай негізделген. .
3. Қозғалыстың қызметіне тікелей тартылған және (немесе) оның әсеріне ұшыраған адамдардың тұлғалық құрылымына нұқсан келтіру түріндегі әсер етудің зиянды зардаптары туындауы мүмкін.
4. Азаматтарға әсер етудің жоғарыда аталған әдістерін қолдану оларда психикалық және тән ауруларының пайда болуына әкелуі мүмкін.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, «Ата Жолы» және «Алля Аят» қоғамдық бірлестіктерін жою туралы сот шешімі азаматтардың денсаулықтарына зиян келтіретін ұйымдардың қызметіне қарсы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өкілетті органдарының уақтылы және тиімді әдісі болып табылатынын атап өту қажет.

Бұл шешім халықтың денсаулығына қауіп төндіретін факторлардың туындауына және мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін үгіттеуге немесе насихаттауға жол бермеу туралы «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 3 тармағына толық сәйкес келеді.

Қазіргі экстремистің/террористің психологиялық портреті қандай?

Психологиялық зерттеулерге сәйкес бұл санатқа жататын адамдар сипатының бірнеше жиынтығы бар.

Ғалымдардың пайымы бойынша тұлғаның бойындағы маңызды өзгерістер оның белгілі бір террористік ұйымға мүше болуымен, оның нормативтік жүйелері мен ұстанымдарын қабылдаумен байланысты.

Ол түбінде тұлғаның өзгеруіне, қоғамнан ажырауына және жасырын әрекет етуіне әкеп соғады.

Әдетте террористік ұйымдарда агрессивті параноиктардың пайызы жоғары болып келеді. Оның мүшелері экстернализацияға – өздерінің сәтсіздіктері мен жүйесіздіктерін сыртқы факторлардың әсерінен көруге бейімдік болады. Сондай-ақ, бірқатар діни культтердің дұшпандарының образы ортақ сипатта болады (мысалы, шайтан, билік, өзге конфессиялар және т.б) және өздерінің кез келген ішкі және сыртқы мәселелерін осылардың кесірінен деп айыптайды.

Террористік топтардың қандай айырмашылығы болмасын, олардың барлық мүшесін біріктіретін бірден бір нәрсе – ол ұйымның мақсаты мен идеалдарына деген адалдық. Бұдан бөлек бұл мақсаттар мен идеалдар адамдарды ұйымға кіруге үгіттейді.

Террорист болу үшін адам ең алдымен апатиядан және әлеуметтік дезадаптацияның басқада түрлерінен өтеді.
Террористердің ортақ сипаты олар бірегейлік пен өзін-өзі бағалауда ауытқушылықтары бар адамдардың тобына қосылуды қатты қажет етеді. Бұл ауытқушылықтар бірнеше факторлар әсерінен туындайды, соның ішінде толық емес отбасында тәрбиелену, қоғамдық құрылымдар аясындағы қиындықтарды бастан кешу (жұмыстан айырылу немесе оның мүлде болмауы).

Террористің қалыптасу процесін үлгілеп жасауға Э.Шоу талпыныс жасайды, ол адамды терроризмге жетелейтін төрт факторды белгілейді, олар:
– ерте әлеуметтену;
– өзімшілдік немесе өзін өзгелерден жоғары қоюшылық;
– даулы жағдайлар, әсіресе полициямен тайталасу;
– террористік ұйымдардың мүшелерімен жекелей қарым- қатынаста болу.
Зерттеуші, террористер мынадай қатерлі топтан шығады деп қорытынды жасайды, яғни бала күнінен өзін-өзі бағалауда қиындық көргендер. Мұндай адамдарға террористік топпен бірігу негативті болсада әлеуметтік мән маңыз береді. Террорист үшін топтан ажырау мүмкін емес, ол психологиялық тұрғыдағы өзін-өзі өлтірумен бірдей.

Террорист үшін ұйымнан шығып кету, өзін-өзі жоғалтумен тең. Террористің өзіне деген сенімінің төмендігі соншалық, ол қайта қол жеткізген өзіндік сәйкестенуден бас тарта алмайды. Олар ерікті түрде немесе аңдаусызда қатаң авторитарлы топтардың мүшесі атанып отырады, ол жерде авторитаризм алдындағы қорқыныштан пана табады. Олар топқа жасалған кез келген шабуылды жеке өзіне жасалған шабуыл ретінде қабылдайды. Соған сәйкес сыртта жасалған кез келген әрекет топтық тұтастықты күшейтеді.
Террорист өз ұйымының идеологиясын ұғынған дәрежесіне қарай, оның абсолютті риторикасын меңгереді.
Ол адам үшін әлем «өзіміз» және «жауларымыз», «ақ» пен «қара», «дұрыс» және «дұрыс емес» болып екіге ажыратылады, бұл өз кезегінде террористердің дұшпанына қарсы, ол кім және қандай сипатта болмасын соққы жасауға деген дайындығын көрсетеді.

Ықтимал террористердің мұндай ерекшеліктерін ескере отырып, сақтандыру шараларын ұйымдастырып тұрған жөн.
2014 жылдың 9 сәуірінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы өткізген баспасөз-мәжілісінде, Бас прокуратураның, қылмыстық істер бойынша мемлекет мүддесіне өкілдік ету және сот актілерінің заңдылығын қадағалау департментінің прокуроры террористің әлеуметтік келбетін назарға ұсынды.

Ол әдетте:
– 28 жастар шамасындағы жұмыссыз ер адам
– орта білімі бар
– арнайы діни білімі жоқ
– отбасылы.

Кибертерроризмнің алдын алу мен оған қарсы күресу бойынша мемлекет қандай жұмыстар атқаруда?

Компьютерлік технологияның дамуының арқасында, ақпаратты қылмыстық мақсаттар үшін электронды түрде өңдейтін
«кибертерроризм» деген атқа ие болған қылмыстың түрі пайда болды.

Кибертерроризм тізіміне әртүрлі вирустарды, жасырын ақпараттарға, мемлекеттік құпияларға қол жеткізу мақсатында ғаламтор желісін пайдалану, сондай-ақ жаппай деструктивті сипаттағы материалдар мен ақпараттарды тарату және насихаттауды жатқызуға болады.

Мемлекет ғаламтор кеңістігінде деструктивті сайттарды/порталдарды/интернет-парақшаларды/форумдарды анықтау мақсатында үнемі мониторинг жүргізіп отырады.

Бұл мониторингтің көмегімен интернет-ресурсты «деструктивті» немесе «діни терроризмнің нышандары бар» деп анықтайтын дінтанулық сараптама жүргізіледі.

Сараптама қорытындысының негізінде сот жүргізіліп, айтылған ресурсқа Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде таратуды тоқтату немесе толықтай жабу жөніндегі мәселе шешіледі.

Кибертерроризмге қарсы әрекет етудің бір амалы желіден деструктивті мазмұндағы материалды жедел түрде жою және оған кіру мүмкіндігін жабу.

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының ерекшелігі неде?

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2013 жылдың қыркүйек айында «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» деп аталатын маңызды құжат қабылданды.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты, діни экстремизмнің пайда болуының алдын алу мен терроризм қатерін болдырмау арқылы азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Айта кететін жайт, мемлекеттік бағдарламаның ерекшелігі – діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекетті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастырудың жаңа формалары мен әдістерінің болуы, соның ішінде бұқараның діни сауатын көтеру шаралары.

Бұл мақсаттарға жету діни экстремизм мен терроризмнің профилактикалық шараларын жүзеге асырумен, белгіленген көріністердің жоғары нәтижелілігімен және алдын алумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, экстремистік және террористік қызметтердің салдарын жою мен азайту шараларының жүйесін жүзеге асыру.
Бағдарламада мақсатты топтар арасындағы ақпараттық- насихаттық жұмыстардың модернизациясына және қоғамдастықты алдын алу жұмыстарына кеңінен тартуға ерекше көңіл бөлінген.

Бағдарламада қарастырылған алдын алушылық іс-шаралардың көбісі алғаш рет жүзеге асырылады және қазақстандықтардың белсенді азаматтық ұстанымына орай жасақталған, бұл өз кезегінде қоғамда толерантты діни сананы және радикалды идеологияға деген иммунитетті нығайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудің жалпы мемлекеттік жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.